





Теміртаудың тоғыз тұрғыны "Өрлеу" сыйлығына ие болды
Теміртауда екінші жыл қатарынан белсенді нәзік жандыларға "Өрлеу" сыйлығы табысталуда. Бұл жолы қала әкімінен арнайы марапатқа тоғыз әйел ие болды.
Сыйлық өздерін кәсіби тұрғыда жақсы көрсеткен және қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысатын Теміртау тұрғындарына табысталады.
Марапатқа лайықты үміткерлерді арнайы комиссия таңдады. Тоғыз лауреаттың әрқайсысы өз саласында ерекшеленді – бұл өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, мәдениет, спорт, қызмет көрсету, бизнес, ана болу.
"Мәдениет саласының үздігі" номинациясы бойынша Теміртау мәдениет сарайының "Алау" ансамблінің жетекшісі Зейнегүл Егізекова жеңімпаз атанды.
– Мен "Алау" ансамблімен 22 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде мен көптеген алғыс пен мақтау қағаздарын алдым. Бірақ бұл сыйлық мен үшін үлкен тосын сый болды.
Мұндай сыйақы әр әйел үшін қажет және маңызды. Біздің жұмысымызды байқап, біз тек өзіміз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де еңбек ететінімізді түсінгені қуантады, – дейді Зейнегүл Егізекова.
"Өндірісті дамытудағы жетістіктері үшін" номинациясында Теміртау электрометаллургиялық комбинатының № 4 пештің басқару пультінің операторы Марина Шатрова марапатталды.
Өндірушінің жалпы еңбек өтілі 40 жыл, оның 35-і ТЭМК-де жұмыс істеумен өткен.
– Мен еңбек әулетінен шыққанмын, өндірісте адамдармен жұмыс істегенді ұнатамын. Бұл екінші туған үйім десем де болады. Мен осы беделді сыйлықпен марапатталғаныма қуаныштымын.
Бізде мұндай сыйлыққа лайық әйелдер көп. Жыл сайын номинациялар мен жеңімпаздар көбейе берсін! – деп тілегін білдірді Марина Шатрова.
Номинанттар 200 мың теңгеге сыйлық сертификаттарымен және дипломдармен марапатталды.

