Әлеуметтік психологияға әлемдік көзқарас


13 Июня, 2018

Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітабы әлеуметтік психологияға адам табиғаты мен болмысы арқылы жол салған ерекше туынды. Оқулықта адамның сыртқы ортаға бағынуы, жағдайға мойынсұнуы, өзін-өзі ақтап алуы, көзсіз сенімге еруі, ұнатуы, ашуға бой алдыруы, үгіт насихат жетегінде кетуі секілді маңызды факторлар нақты әрі қызықты мысалдармен сипатталынған. Бұл еңбек адам психологиясындағы ерекшеліктерге мұқият болуға баулиды. Кітапта тоғыз бөлім арқылы әлеуметтік психологияның маңызды мәселелері талқыланады. Олар: әлеуметтік психология дегеніміз не? Конформдылық; Бұқаралық коммуникация, үгіт-насихат және иландыру; әлеуметтік таным; Өзін-өзі ақтау; Адамға тән агрессия; Біржақты түсінік; Ұнату, жақсы көру және тұлғааралық сезім; Әлеуметтік психология ғылымы. Сонымен қатар оқулықта негізгі ұғымдарға сипаттама беретін глоссарий бар. Маңызды ақпараттарға сілтеме жасалған. Автор конформдылық ұғымына сипаттама бере отырып, конформдылықты ұлғайтатын және азайтатын факторларға тоқталған, сонымен қатар мойынсұнуды бағынудың бір формасы ретінде түсіндіреді.

Бұқаралық коммуникация ұғымын иландыру әрекеттері, медиашағымдар арқылы сипаттаған. Сонымен қатар адамға және адамның ойына теледидардың әсерінің нәтижесі туралы да қызықты ақпараттар келтірілген.

Әлеуметтік таным ұғымын эвристикаконструкциялық жорамалдар арқылы көрсетеді. Адамның бойындағы жағымсыз сезімдердің бірі ретінде, агрессияның себептері мен салдары туралы мысалдар келтірілген.

Автор глоссарийде 100-ден астам түсініктерге анықтама келтірген.

К.С. ИГЕМБАЕВА,

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, психология кафедрасының аға оқытушысы 

Вернуться назад