Ғажайып оқулық


13 Июня, 2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірден-бір көрінісі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағдарлама. Бұл бағдарлама бойынша саны жүзге жуық жаңа оқулықтар жарыққа шықты. Солардың бірі К. Армстронгтың «ИУДАИЗМ, ХРИСТИАНДЫҚ ПЕН ИСЛАМ 4000 жылдық ізденіс; ҚҰДАЙТАНУ БАЯНЫ» атты кітабы қазақ тілінде басылды. Кітапта автор «Құдай» турасындағы ізденістерін жазған. Бұл кітап туралы жазбас бұрын алдымен автор жайлы айтып кеткенді жөн көрдік. Автор өзінің жастық шағында «Құдай» тақырыбы оны қатты толғандырғаны туралы жазады: «Бала кезімде біршама тиянақты діни нанымдарым болды, бірақ Құдайға құлшылығым әлжуаз еді. Соған қарамастан Құдайдың бар екеніне нақты сендім. Сегіз жасымда «Құдай деген кім?» деген сұраққа жауап беру үшін катехизистегі; «Құдай – Жоғары Рух, біртұтас Өзіндік дара болмыс және шексіз кемел бітім» деген жолдардың мағынасын түсінбесем де жаттап алдым». Есейген шағында монашествоны қабылдап, христиан дінін зерттейді, бірақ «Құдай» жайлы толғандырған сұрақтарына жауап таба алмайды. Кейін діндер тарихын әуелден бастап зерттейді. Нәтижесінде «Құдай» жайлы сұрақтарына жауап ретінде «Құдайтану баяны» атты еңбек жазады. Бұл еңбегінде автор «Құдай» туралы алғашқы кезеңнен бастап, Иудаизм, Христиан және Ислам діндерінің догмаларын жазып, сонымен қоса философия, мистика, реформаторлық, ағартушылық тұрғыдағы қөзқарастарға да тоқталып өтеді, кітаптың әр бөлімінде діннің шығу тарихына, негізін калаушыға, шыққан жеріне және «Құдай» жайлы көзқарастарына, атауларына ерекше тоқталып, әрі «Құдай» туралы ағартушы, ойшыл философтардың пікірлерін келтіреді. Қорыта келгенде, бұл кітапта дінге қатысты өзекті мәселелер мен діндер тарихы жазылған. Дінтану саласындағы мамандар үшін қажетті құрал. Қазіргі таңда елімізде қазақ тіліндегі діни оқулықтар өте аз. Елімізде діни сауатсыздықтың етек алуының бірден-бір себебі де сондықтан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағдарламасы елімізде діни сауатсыздықты кетіруге және келешек өсіп келе жатқан жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар береді деген үміттемін.

Досым Байбосынов,

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың философия және мәдениет

теориясы кафедрасының оқытушысы 

Вернуться назад