Міне, осындай өмірлік ұстанымды өзіне және кәсібіне ту еткен мүшеміз, "Нәтиже" компаниясының иесі, Әшім Ерлан жайында баяндаймыз.
“1999 жылы, наурыз айында 4 адам болып ісімізді бастадық. Барлығымыз белсенді түрде жұмыс жасадық, адал істедік. Келген жұмыскерлерге адал бола білдік. Осындай құндылықтардың арқасында, елеулі жетістіктерге жеттік деп ойлаймын. Өйткені басқа себептер болмады: қалталы ағатайларымыз болмады, банкпен байланысымыз болмады, дайын ғимарат сатып ала салатын қаражатымыз да болмады. Жалғыз біздің қаруымыз, ол адалдық және әрбір адамға адамгершілікпен қарау болды. Осы құндылықтар біздің алғашқы және ең басты капиталымыз болды. Өйткені, адалдық – ешқашан құнын жоғалтпайтын капитал, оны тарих дәлелдеді.
Қазіргі уақытта "Нәтижеде" 580 қызметкер жұмыс жасайды. Екібастұз, Павладор, Астана, Жезқазған, Степногорск, Көкшетау қалаларында сауда филиалдарымыз бар.
Біздің ісімізде қиындықтар көп болады. Бірақ ең бастысы біздің оған көзқарасымыз, оған қалай жауап беруіміз маңызды. Басыма қиындықтар келгенде, үндемей қалып, ойлана бастаймын, қатты ойланам, тәулік бойы ойланамын. Ал шешілмейді-ау деген қиындықтар жас кезде болды, қазір ондай ой келмейді. Жас келген сайын шешілмейтін мәселелер болмайды. Ең жаман жағдайда көп мәселелерді уақыт шешеді.
Перфекционист болуымыз маңызды. Ісімізді сапалы жасау керекпіз. Егер біз аула тазалаушы болсақ, мұнда ешқандай өбестік жоқ. Сол аула тазалаушы өз ісін, Бетховен өзінің туындыларын жазған сияқты атқарса, адамдардың құрметіне, сыйына бөленеді. Менің ойымша, осы кісі қазіргі кезде өз ісіне жайбарақат қарап жүрген менеджер, зам.директор, тіпті директорлардан мәртебесі биік, біліктілігі басым болады.
Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін, менің ойымша, үйрету керек, әр жерде білім және тәжірибе өте маңызды. Мысалы, ауылдағы еті тірі бірнеше кәсіпкерлерді алып, оларға шетелдегі өндіруші, өңдеуші кәсіпорындарды таныстырып, көзімен көріп үлгі алатындай, іс-сапарлар ұйымдастыру қажет. Жалпы өз саласындағы өзгеріс, мүмкіндіктерді жеткізіп, қолдау көрсете білу керек.
Компаниямызды жақын арада 3 фабрикасы бар, 1000 адам жұмыс жасайтын, оның 990-ы риза болып жүрген компания болып көремін. Ең бастысы бір жанұядай, құндылықтары бірдей адамдардың толысқан жері деп көремін.
Кітап оқу жайлы айта кетсек, бизнес жайлы көп оқымаппын. Солардың ішінде 2 адамның өмірбаяны жайлы оқып, ұнағаны: Уолтер Айзексон, “Стив Джобс”, Ли Якокка, “Карьера менеджера”. Көбінесе әдеби кітаптарды оқимын. Жалпы Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауин, Лев Толстойдың кітаптарын ұнатамын және соларды оқуға ұсынамын. Өйткені, осы кітаптарда адамдық құндылықтар, гуманизм, адамның мінезі, адамды тәрбиелейтін мәселелер көп болады. Осы кітаптарды оқу арқылы, әр адам бизнесте, жалпы өмірде жетістіктерге жетелейтін мінез, құндылықтарды тәрбиелейді. Кейінгі кезде, әрдайым оқып жүрген бір журнал бар. Қазақ тілінде бизнес туралы өте сапалы жазатын, жақсы, керекті мағлұмат беретін Жаһан деген журнал. Жаңа нөмірінің шыққанын күтіп отырамын”.
Кездесу барысында ассоциация жұмысын жетілдіретін бірнеше тәжірибелік жобалар ұсынылды. Ауыл шаруашылығы мен отандық өндірушілерді қолдайтын бірқатар әдістер талқыланды.